Батыс Қазақстан облысында 23 жер учаскесі заңсыз берілген

Sputnik
АЛМАТЫ, 23 мамыр – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында жер қатынастары саласындағы бірқатар бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі.
Бәйтерек ауданының Ақжайық ауданының және Орал қаласының әкімдіктері жалпы ауданы 11 348 га болатын 23 жер учаскесін өтеусіз негізде жеке меншікке заңсыз берген.
"Талдау барысында сауда-саттық пен аукцион өткізбей жер беру, бизнесті жүргізу үшін алынған жердің нысаналы мақсаты өзгергені, бұрын уақытша жер пайдалануға берілген бизнеске арналған жер учаскелерін сатып алу құқығынан бас тарту, рекреациялық аймақта жер учаскелерін беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері және басқа да тәуекелдер анықталды", - дейді ведомство.
Облыстық антикордың айтуынша, бұл сала сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне барынша бейім. Мәселен, Орал қаласында және Бәйтерек ауданында инвестицияларды мемлекеттік қолдауды іске асыру үшін жалпы ауданы 61 га болатын 42 жер учаскесі жалға берілді.
Сондай-ақ қала аумағында объектілерді салу үшін рекреациялық аймақта 200-ге жуық жер заңсыз берілгені анықталды, бұған жер заңнамасымен тыйым салынған.
Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау нәтижелері бойынша облыс әкімдігімен бірлесіп департамент енгізген ұсынымдарды орындау бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді дейді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі.