Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Әлем кубогында тарихи жеңіске жетті

Sputnik
АСТАНА, 22 мамыр - Sputnik. Семсерлесуден Қазақстан құрамасы ерлер арасындағы Әлем кубогында тарихи жеңіске жетті, деп хабарлаы мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты жаңалықты бөлісіп, команданы құттықтады.
Спортшыларымыз командалық жарыста топ жарып, алтын медаль алды. Түркияда өткен біріншілікте 45 елден келген 350 семсерлесуші жүлдеге таласты. Құрамында Руслан Курбанов, Эльмир Əлімжанов, Вадим Шарлаимов және Ерлік Сертай өнер көрсеткен біздің команда Әлем кубогын жеңіп алды.
"Біздің жігіттер үшін жарыс жолы оңай болған жоқ. Алдымен Колумбия құрамасын (45:41) жеңген отандастарымыз, кейін итальяндық спортшылардан (45:31) басым түсті. Аргентина құрамасына қарсы ширек финалда (45:44) жеңісті соңғы сәтте жұлып әкетіп, жартылай финалда испандықтарды (45:32) айқын басымдықпен ұтты", - деп жазды ол.
Финалдық жекпе-жекте сайыпқырандарымыз Нидерланды құрамасының спортшыларымен семсерлесті. Алтын медель үшін кездесуде Қазақстан құрамасы 34:20 есебімен сенімді түрде жеңіске жетті.
"Қазақстан құрамасын және барлық спорт жанкүйерлерін Әлем кубогындағы тарихи нәтижемен құттықтаймын. Жігіттерге қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмай, жаңа спорттық шыңдарды бағындыруды тілеймін. Сондай-ақ чемпиондарымызды дайындаған ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабына алғыс айтамын!", - деді министр.