АСТАНА, 22 мамыр – Sputnik. Сауда және интеграция министрлігі отандық өнімді экспортқа шығаруды тежейтін кедергілерді анықтау үшін өткізу бекеттеріне "құпия сатып алушы" жібереді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, министрлік экспорттағы сауда процедураларын жеңілдету бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
"Сауда және интеграция министрлігі барлық өткізу бекетінде бизнес процестер мен экспорт процедураларын талдау бойынша жұмыс жүргізуде. Біз өткізу бекеттеріне "құпия сатып алушы" ретінде бару практикасын бастап жатырмыз. Ондағы мақсат – отандық өнімнің экспортын бөгейтін рәсімдерді анықтау. Уақытқа, шығынға және процедураларға баса мән беріледі", - деді Төребаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ол бұл жұмыстың нәтижелері үкіметке экспорттаушылар үшін шекарадағы қазіргі жағдайды жақсартуға, экспортты ілгерілету үшін ұлттық практиканы халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге қатысты ұсыныстар әзірлеуге көмектеседі деген үмітте.