Қоғам

"Бір жыл аурухана төсегінде жаттым": цирк маманы басынан кешкен оқиғасын айтып берді

Sputnik
АЛМАТЫ, 21 мамыр – Sputnik. Цирк десе көз алдымызға ең алдымен аккробаттар мен әртүрлі аңдар келеді. Бірақ сахна сыртындағы мамандардың еңбегі туралы біле бермейміз. Sputnik Қазақстан тілшісі цирктегі ең жауапты маманмен тілдесіп, жұмысының қыр-сырын білді.
Жарқын Бораздаевтың циркте еңбек еткеніне 17 жыл болған. Ол Алматы облысы Жамбыл ауданы Шиен ауылында дүниеге келген. Бала күнінен гимнастикаға жаны жақын болған ол 9-сыныптан соң Алматының цирк колледжіне түседі.
"Өзім осы мамандықты жүрек қалауымен таңдадым. Оқуымды тәмамдаған соң, Алматы циркіне жұмысқа орналастым. Әрине, оңай мамандық емес, бірақ жаным гимнастикаға жақын болды", - дейді Жарқын Бораздаев.
Цирк маманы Жарқын Бораздаев
Жарқын акробат болған. Бірақ 2017 жылы 4 мамырда оның өмірі күрт өзгереді.
"Кезекті өнер көрсетуімде батуттан 5 метр биіктікке секірдім. Ылғи көрсетіп жүрген өнерім. Бірақ сол күні сальто жасап, жерге құладым. Омыртқам төрт жерден сынған. Сол 4,5,6,7 омыртқам сынып, бір жыл аурухана төсегіне таңылдым. Аяқ-қолым мүлдем істемеді. Бір жыл сал боп жаттым", - дейді ол.
Цирк маманы талай машақатты бастан кешкен. Ұйқысыз түндер мен азапты күндерді әлі күнге ұмытпаған.
Бір жылдан соң аяқ-қолына жан бітіп, қалыпты өмірге орала бастайды. Сөйтіп қайтадан циркке оралады.
"Цирксіз өмірімді елестете алмаймын. Сол жарақаттан соң бір жылдан кейін циркке келіп, қауіпсіздік маманы болып істедім. Цирктің биік шатырына арқандарды байлаймын. Реквизиттегі барлық қауіпсіздікке жауап беремін. Өйткені бірнеше ондаған метрде өнер көрсететін әрбір акробаттың қауіпсіздігіне тікелей жауаптымын", - дейді Жарқын Бораздаев.
Цирк маманы Жарқын Бораздаев
Арқанның дұрыс байлануы, беріктігі мен акробат өнер көрсететін биіктік Жарқынның жіті назарында. Дайындық уақытынан бастап, цирк қойылымы біткенге дейін қалт етіп, көзден таса қалдыруға болмайды, дейді ол.
"Титтей қателік орны толмас қайғыға әкеп соғуы мүмкін. Қателесуге немесе селқос қарауға болмайды. Өйткені акробаттың еңбегі – өте ауыр еңбек. Бір ғана арқанға байланып, бірнеше ондаған биіктікке секіру жаныңды тәуекелге байлаумен бірдей. Өйткені аяқасты не боларын білмейсіз", - дейді цирк қызметкері.
Жарқын Бораздаев қазіргі күні біртіндеп бұрынғы акробат мамандығына икемделіп жүр.
"Алла жазса акробат болып, өз мамандығыма қайта ораламын. Өйткені мен ол мамандықсыз өзімді еш елестете алмаймын. Қазір Қырғызстанда өнер көрсетіп жүрміз. Арманым орындалды, Аллаға шексіз алғыс. Осы мамандығымның арқасында баспана алдым, көлік міндім, көңілім орнында. Тек билікке бір ғана өтінішім бар: цирк мамандарының еңбегі бағаланса, мәдениетті қолдаса деймін. Өйткені қазақстандық цирк Еуропа елдерінде көп өнер көрсетеді. Шетелдіктер біздің цирк мамандарының өнеріне өте тәнті, жоғары бағалайды. Өкінішке қарай, өз жерімізде ондай құрмет көрсетілмейді, цирк жұлдыздарының еңбегі ескерілмей келеді", - дейді Бораздаев.