АСТАНА, 21 мамыр – Sputnik. Арқалықта конвейер шығыршығын шығаратын кәсіпорын іске қосылды, деп хабарлады Хабар 24.
Заманауи цехта кемі 30 адам еңбекпен қамтылады. Шетелдік жаңа станоктарды игеріп жатқан жастардың мамандығы әртүрлі. Мысалы, Бейбіт Исабаев жоғары білімді филолог. Бірақ мұғалімдіктен гөрі токарь болуды қалапты. Бала кезінен ұсталыққа деген қызығушылығы осы кәсіпке алып келген. Жас маман бұрынғы кеңес дәуірінен қалған станоктардан қазіргі аппараттың айырмашылығы жер мен көктей-дейді.
"Ескі станоктарда бір детальды жонып шығуға, кейде оны орнатуға да 40 минут уақыт кетеді. Оның центрін табуға көп уақыт керек. Мұнда әрі кетсе бір детальды 5-10 минута жонып тастайсың. Мұнда мәліметтерді енгізсек болды, электронды түрде таза күйінде алып шығады", - дейді Бейбіт Исабаев.
Мемлекеттің қолдауымен жүзеге асқан бұл жобаның құны – 159 миллион тенге. Тоғыз жоғары технологиялық станок алынған. Жаңа өндіріс орны жылына 30 мың дана конвейер шығыршығын шығара алады. Қазір мамандар қайта даярлаудан өтіп жатыр.
"Ең бастысы жаңа жұмыс орындары пайда болады. Адамдарды оқытып, үйретіп жатырмыз. Біздің кәсіпорынға келіп, жұмыс істеуге ниетті адамдар аз емес. Токарлықты игерушілердің арасында ағаш ұстасы, мұғалім сияқты өзге мамандық иелері де бар", - дейді кәсіпорын құрылтайшысы Виктор Суровцев.
Айта кетері, Арқалықта соңғы бір жылда төрт инвестициялық жоба жүзеге асырылып, бірнеше өндіріс орны ашылды. Соның арқасында жүзге жуық адам тұрақты жұмыс тапты.