АСТАНА, 19 мамыр — Sputnik. "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының" басқарма төрағасы Сәбит Ахметов қорда жалақы аз болғандықтан, кадрлар жиі ауысатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ахметовтың айтуынша, қор қызметкерлері жүктеменің шамадан тыс көп болғанына шыдай алмағандықтан кетіп жатыр.
"2022 жылдың қорытындысы бойынша қызметкерлерге орта есеппен 9 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бұл орталық аппарат, аумақтық бөлімшелердің қызметкерлерін қоса алғанда шамамен 1000 адамды құрайды. Біздің барлық өңірлерде филиалдарымыз бар. Онда 700-ге жуық адам жұмыс істейді. Орташа жалақы – шамамен 450 мың теңге. Айта кету керек, бұл ақша емес. Бізде жыл сайынғы кадр тапшылығы 22 пайызды құрайды. Біздің кадрлардың тұрақсыздығы жыл сайын 22 пайызды құрайды. Бұл дегеніміз әрбір бесінші адам жұмыстан шығады деген сөз", - деді Сәбит Ахметов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.