АСТАНА, 19 мамыр - Sputnik. Қазақстан өз аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға транзиттің өту мерзімін 5 күнге дейін қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов Алматыдағы "Еуропалық Одақ – Орталық Азия" екінші экономикалық форумында айтты.
Үкімет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағытының қарқынды дамып жатқанына тоқталды.
Оның айтуынша, бірлескен күш-жігердің арқасында Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау мерзімі үш есеге – 53 күннен 19-23 күнге дейін қысқарды. Бұл бағыттағы келесі мақсат – осы жылдың соңына дейін жүк тасымалдау мерзімін 14-18 күнге дейін азайту.
"Бұл ретте Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымалдау мерзімі 2 есеге – 12 күннен 6 күнге дейін қысқартылды, біз оны жыл соңына дейін 5 күнге дейін қысқартуға тырысамыз", — деп атап өтті премьер-министр.
Әлихан Смайылов Орталық Азияда маңызды көлік бағыттары мен қарқынды дамып келе жатқан нарық шоғырланғанын атап өтті. Бұл ретте Қазақстанның географиялық жағдайы, сондай-ақ елдің дамыған көлік инфрақұрылымы көлік және логистика саласындағы ынтымақтастыққа кең мүмкіндіктер ашады.
Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Өзбекстанмен Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы және Қырғызстанмен Индустриялық сауда-логистикалық кешен сияқты көтерме-тарату желісінің логистикалық орталықтарын құруды ілгерілетуде.
"Сонымен қатар біз еліміздің аумағында, яғни, Алматы агломерациясында және Батыс Қазақстан облысында екі ірі сауда-логистикалық хабты іске асырамыз. Олар Қытай, Орталық Азия, Еуропа және Таяу Шығыс арасындағы сауда-логистикалық бағыттарды байланыстырады", — деді Әлихан Смайылов.