Қоғам

Қазақстанда тойға кредит беруге тыйым салуға бола ма

Sputnik
АСТАНА, 18 мамыр - Sputnik. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов тойға кредит алуға тыйым салу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде қазақстандықтар арасында тойға кредит алатындар аз емес. Артынан ата-аналары төлейді, я болмаса, жастардың өздері қарызға батып, қаржылай қиындыққа тап болып жатады. Ал төлей алмаса, кредиттік тарихы бұзылады.
Олжас Қизатовтың айтуынша, мемлекет банктердің ішкі жұмысына араласа алмайды. Тойға кредит беруге де тыйым салу мүмкін емес.
“Тойға кредит беруге тыйым салу – банктің ішкі қызметіне араласу деген сөз. Біз қандай да бір кредит түрлерін беруге тыйым сала алмаймыз. Адамның бұрынғы қарызы болып, тағы кредит алуға барса, ол жағынан шектеу қоюға болады. Ал нақты кредит беруге тыйым салуға заң бойынша құқығымыз жоқ. Бұл – банктің ішкі саясаты. Біз оған араласа алмаймыз”, - деді Қизатов сенат кулуарында.
Осы орайда журналистер тойға берілетін кредиттің өзін емес, сомасын белгілеуді ұсынды. Қизатовтың сөзіне қарағанда, ол да банктің ішкі қызметіне араласу болып саналады.
Несиесін төлемей жүрген қазақстандықтарға онлайн кредит алуға тыйым салынады