Ресей мен Иран маңызды теміржол учаскесінің құрылысына кірісті

Sputnik
Күні кеше Ресей президенті Владимир Путин ирандық әріптесі Ибрахим Раисимен бірге бейнекөпір арқылы Решт – Астара теміржол тармағының құрылысын бастауға рұқсат берді. Бұл жоба таяу болашақта Ресейдің соңғы бір жарым ғасырдағы жоспарын жүзеге асырмақ, деп жазды РИА Новости.
Бұл шараның алдында Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новак, көлік министрі Виталий Савельев, Ресей Орталық банкі басшысының орынбасары және Кеден қызметінің басшысы Тегеранға барды. Иранның Мәскеудегі елшісі Казем Джалали де дәл осы жоба аясында Ресей Орталық банкі төрағасы Эльвира Набиуллина келесі аптада Иранға келетінін айтты. Ресей делегациясының құрамының бұл іс-шараның маңыздылығын, ал Иранның делегаттарды қабылдау деңгейі парсы тарапының қызығушылығы еш кем емес екенін растайды.
Салынып жатқан Решт – Астара учаскесінің ұзындығы небәрі 162 шақырымды құрайды және ол толығымен ислам республикасының аумағы арқылы өтеді. Бірақ ұзындықтың шағын көлемі қате түсінік қалыптастырмауы керек.
"Закавказье (сол кездегі Поти-Тифлис) темір жолының құрылысы 1865 жылы басталды. Император II Александр және оның тақтағы мұрагерлері Ресей мен алыс Парсыны тікелей құрлық дәлізімен байланыстыру мақсатында Кавказ таулары арқылы оңтүстікке жол тартты. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде құрылыстың тоқтап қалмағаны жобаның маңыздылығын білдіреді. 1917 жылғы революция кезінде болат жолдар Сочиге дейін жетіп, Арменияны қиғаш кесіп өтіп, Түркияға жетті, сонымен қатар Бакуге дейін жақындады", - дейді мақала авторы.
Революциядан кейін большевиктер үш есе құлшыныспен бұл жұмысқа кірісті. Осылайша 1925 жылы баағдар Арменияның Ленинаканына, Грузияның Цхалтубосына жетті де, 1940 жылы бағдарда осетиялық Цхинвал мен абхазиялық Сухумын пайда болды. 1949 жылы Адлер станциясының ашылуымен үлкен құрылыс аяқталды. Бұл жол Закавказье деп атауы өзгертілді. Бірақ кейін жағдай қиындап, 1991 жылға қарай Армениядағы Ленинакан мен Әзербайжандағы Нахичевань және Ленкорань станциялары теміржол картасының шеткі нүктелері болып қала берді.
Материалда жазылғандай, қазір Мәскеу мен Бейжіңнің жақындасуы туралы көп айтылып жатыр. Бірақ Иранмен арадағы тығыз қарым-қатынас назардан тыс қалып отыр. Өткен жылдың желтоқсан айында америкалық Bloomberg басылымы Мәскеу мен Тегеранның жеделдетілген қарқынмен бірнеше көлік дәлізін, соның ішінде Астрахань және Дағыстан арқылы Астара, Энзели, Ноушехр және Амирабад порттарына теңіз жолын салып жатқаны туралы мазасыздана жазды.
АҚШ және бүкіл демократиялық әлемнің санкцияларына ұшыраған парсылардың үлкен қарқынмен оңтүстікке қарай Бендер-Аббас пен Чабахар порттарына темір жол тартып жатқаны кенеттен белгілі болды. Құрылыс аяқтала салысымен Ресейден тікелей Тегеранға ғана емес, бірден Үндістанның Мумбаи портына жетуге болады. Ал Мумбаи порты бүкіл Азиядағы ең ірі тауар-логистикалық тораптардың бірі және қайта тиеу бойынша Кандла мен Парадип порттарынан ғана кейін қалып отырғаны белгілі. Ал үнділердің бұл қос портының әрқайсысы арқылы жыл сайын жүздеген миллион тоннадан астам жүк өтеді.
Сондықтан теміржол ұзындығы бойынша кішкентай жолдың соңғы учаскесінің құрылысына осындай мән беріліп, екі мемлекет басшыларының қадағалауымен құрылысқа бастама жасалды.
Осы тұста тағы бірқатар мәселенің мән-жайы анықталып тұр. Біріншіден, Армения мен Әзербайжан арасында бітістіруші қызметін атқарып отырған Мәскеудің дипломатиялық мүддесі айқын көрінеді. Кремль үшін Азияға сенімді көлік дәлізін салу өте маңызды. Сондықтан ол жалғыз теміржол тармағы өтетін аймақта жағдай тыныш және тұрақты болғанын қалайды.
Екіншіден, Грузия арқылы өтетін жолдың пайдаланылмаған бөлігі күні бүгінге дейін сақталып тұр. Тбилиси одақтас болмағанымен, бір жарым жыл ішінде Ресейге қарсы санкция енгізбеді. Оның үстіне, жақында ресейлік президент Владимир Путин кенеттен екі ел арасындағы әуе қатынасын жаңғыртты. Сондықтан түріктердің Эрзурумына жеткізетін грузин транзиті де резервте қалды.
2022 жылдың соңында Ресей мен Иран арасындағы тауар айналымы жаңа тарихи рекорд орнатқанын да ескеру керек, дейді мақала авторы. Жақында Ресейдің Ирандағы елшісі Алексей Дедов бір жылда бұл көрсеткіш бірден 15 процентке өсіп, жалпы құны 4,5 миллиард доллардан асқанын айтты. Ресей оңтүстікке бейорганикалық химия өнімдерін, Иранның мұнай-газ өнеркәсібі үшін қажетті құрал-жабдықтарды, түрлі өлшеу құралдарын жөнелтеді. Ресейге қарай азық-түлік, құрылыс материалдары, пластмасса және қара металдар жіберіледі.
Қазір Ресей мен Иран арасындағы жүктер үлкен қашықтықты жүріп өтіп жатыр: Балтық порттарынан шығып, Солтүстік теңіз арқылы Франция, Испания жанынан Жерорта теңізі мен Суэц арнасы арқылы тасымалданады. Жоғарыда аталған Мумбаи портына жету үшін кемелер 14 мың шақырымнан астам жол жүреді, бұл орташа есеппен 40 күнді алады. Кавказ бен Иран арқылы қысқа, яғни арзан әрі тікелей жол ашылған кезде жолдың ұзындығы үш мың шақырымға дейін қысқарады.