АСТАНА, 18 мамыр – Sputnik. Адвокаттарға қылмыстық қудалау органдарының қорғалушыға қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаған материалын теріске шығару құқығы берілуі мүмкін. Әділет министрлігі қылмыстық заңнамаға осындай өзгеріс енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұл үшін адвокаттар прокурордың келісімін алуы керек.
"Іс жүзінде қылмыстық қудалау органдары БАҚ-та кінәсіздік презумпциясы қағидаттарын бұзатын ақпарат жариялап жатады. Бұл қоғамдық резонанс тудырады және күдіктіні "жамандау" арқылы тергеу барысына әсер етеді. Сол себепті адвокатқа прокурордың келісімімен БАҚ-та өзінің қорғалушысына қатысты қылмыстық қудалау органдарының материалын теріске шығаруды жариялауға мүмкіндік беру ұсынылады", - деді әділет вице-министрі Алма Мұқанова мәжілісте тиісті заң жобасын таныстырып жатып.
Оның айтуынша, адвокатқа Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабының ("Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу") талаптарын бұзбай теріске шығаруды жауап ретінде жариялауға ұсыну, сот түпкілікті шешім қабылдағанға дейін, азаматты қорғау мүмкіндігін күшейтеді.