АСТАНА, 17 мамыр – Sputnik. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ғылым саласында қордаланған проблемаларға тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісте "Ғылымды дамыту туралы" үкімет сағаты өтіп жатыр. Отырыс барысында баяндама жасаған ғылым министрі Саясат Нұрбек бұл салада мәселе жетіп артылатынын жасырмады.
"Өкінішке қарай, ғылым саласында проблема көп. Отыз жылда қаржыландыру, кадрлардың кетіп қалу мәселелері болды. Бір ғана факті келтірейін, 1991 жылы бізде тіркелген 52 мың ғылыми зерттеу қызметкері болса, 2000 жылы 12 мыңы ғана қалды. 35 мыңнан астам адам сол тоқсаныншы жылдары қиын жағдайларда нарыққа кетті, басқа салаларға ауысты. Біз әрең дегенде 2022 жылдың қорытындысы бойынша 22 мыңға көтердік", - дейді Нұрбек.
Тағы бір үлкен мәселе – отандық ғылымның экономикаға нақты үлесінің аз болуы.
"Ақша бөлініп жатыр, ғылыми зерттеу гранттары игеріліп жатыр, бірақ нақты салалық өндіріске, өнеркәсіпке, қарапайым халықтың күнделікті өміріне ғылыми инновациялық өнімнің үлесі өте аз. Біз осыны шешуіміз керек. Екіншісі, қазіргі таңда ғылымның тиімділігін қалай өлшейміз? Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы жасаған индекс бар, соның өте тиімді көрсеткіштері бар. 2022 жылдың қорытындысы бойынша біз өкінішке қарай үш позицияға түсіп қалдық. Бұл университет пен индустрия арасындағы ынтымақтастық. Жоғары оқу орындары, өкінішке қарай, ғылыми зерттеу инновациялық қайнар көздеріне айналған жоқ. Бұл да үлкен мәселе", - дейді министр.
Оның айтуынша, қазір елімізде 626 мың студент оқиды. Оның 92 пайызы – бакалавр, 7 пайызы – магистр, ал докторантура 1 пайызға да жетпейді.
"Яғни жоғары оқу орындарымыз көбіне оқытушылық, педагогикалық нысандағы оқу орындары. Зерттеу форматына көбі көшпеген", - дейді ведомство басшысы.
Сондай-ақ отандық ғылымда тың идеялар, жаңа ғылыми мектептер өте аз. Кадрлардың тұрақтамау проблемасы да өте өзекті.
"2013 жылдан бергі статистикаға қарасаңыздар, мықты ғалымдарымыз, зияткерлеріміз, зерттеушілеріміз шетелге кетіп бара жатыр. Осы көшті біз тоқтата алған жоқпыз. Кадрлардың қартаюы бөлек мәселе. Біз басшы кадрлардың қартаюын байқап отырмыз. Ғылыми зерттеу институттары басшыларының орташа жасы – 59 жас. Ал академиктардың орташа жасы – 69 жас", - деп мәлімдеді Саясат Нұрбек.