АСТАНА, 16 мамыр – Sputnik. Жыл басынан бері Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) бойынша теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі артты, деп хабарлады "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметі.
"2023 жылдың қаңтар-наурызында ТХКБ бағыты бойынша тасымал өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 63,7%-ке артып, 433,2 мың тоннаны құрады. Оның ішінде жиырма фут эквивалентті (ЖФЭ) 4 мыңнан астам контейнер тасымалданды", - деп жазылған хабарламада.
ҚТЖ мәліметінше, ең көп өсім Қазақстаннан экспортқа тиесілі – 2,7 есе. Импорттық тасымал да 22%-ке өсті.
"Қазақстан темір жолы және жалпы ел үшін ТХКБ әлеуетін ашу бүгінгі таңда негізгі көлік бағдарларының бірі болып табылады. Соңғы бір жылда ауқымды жұмыс атқарылды, өзгерген геосаяси жағдайға байланысты бұл бағытқа жүктеме айтарлықтай артты", - деді компания өкілдері.
Бағытқа қатысушылармен бірге күн сайын инфрақұрылымды жақсарту, кедергілерді жою, дәліздің өткізу қабілетін арттыру және жүктердің өту уақытын қысқарту бойынша шаралар қабылданып жатыр, деп мәлімдеді ҚТЖ баспасөз қызметі.
"Бүгінде томат пастасы, химиялық заттар мен құрал-жабдықтар контейнерлерде Қытайдан Оңтүстік Еуропа мен Түркияға, Қазақстаннан түсті металдар, ферроқорытпалар, жасымық, астық және тағы басқа тауар тасымалданып жатыр", - деді "KTZ Express" АҚ басқарма басшысы Қайрат Өтепов.
Ұлттық компания мәліметінше, бағыт бойындағы ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, оның ішінде Достық – Мойынты учаскесінде екінші темір жол, Ақтау портындағы контейнерлік торап және Алматы стансасындағы айналма теміржол желісін салу дәлізді дамытуға ықпал етеді.