АСТАНА, 16 мамыр – Sputnik. Қостанай облысында 3 жасар бүлдіршінді талаған иттің иесі табылды, деп хабарлады "Хабар 24".
Бұл оқиға Тобыл қаласында болған еді. Аулада қараусыз ойнап жүрген балалардың бірі көршісінің иті тұрған жабық қаумалының есігін ашып жібереді. Азулы питбуль бірден кішкентай қызға тарпа бас салады. Денесін, бет жүзін тістелеп тастаған.
Жәбірленуші дереу ауруханаға жеткізіліп, шұғыл операция жасалды. Жарақат орындары тігілді. Қазір жағдайы қалыпты. Баланың анасы жабық қаумал есігі дұрыс бектілмеген деп ит иесін айыптап отыр. Ал полиция бұл оқиға бойынша әлі тергеу жұмыстары жүргізліп жатқанын айтады.
"Осы оқиғаға қатысты ҚР ҚК 114-ші бабы, денсаулыққа абайсызда зиян келтіру бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптамалар тағайындалды. Осы баптың санкциясы 80 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 80 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе 20 тәулікке дейінге мерзімге қамауға алуға әкеп соғады", - деді Қостанай облыстық ПД бастығының орынбасары Бауыржан Әбенов.