АСТАНА, 16 мамыр – Sputnik. Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменова итбалықтардың қырылу фактілері неге жиілеп кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мамыр айының басында Каспий теңізі жағалауынан бірнеше ондаған итбалықтың өлексесі табылған болатын. Министрдің айтуынша, бұл факті бойынша қажетті сынама алынды, нәтижесі кейінірек белгілі болады. Осы орайда Сүлейменова итбалықтардың өлуіне бірнеше фактор әсер ететінін, бірақ мұнаймен байланысы табылмағанын атап өтті.
"Мәселен, былтыр кейбір итбалықтар кемелермен соқтығысып өлген. Бұдан бөлек біз көптеген ауларды тауып жатамыз. Бірақ мұнаймен тікелей байланысты байқамадық", - деді ол үкімет кулуарында.
Айтуынша, былтыр өлген итбалықтардың екі вирус табылған.
"Өткен жылы біз осы мәселені көтеріп, итбалықтарда екі вирус болғанын анықтадық. Біреу құс тұмауы, екіншісінің атауы есімде жоқ. Бүгінде итбалықтардың популяциясы алаңдаушылық туғызады. Өкінішке қарай, жабайы жануарларға вакцина салуға мүмкіндік жоқ. Биыл олар неге қырылды, итбалықтардың ұшасы жағалауға жеткенде, олар шіріп кеткен. Бұл процесс қай кезеңде басталғаны және неден қырылғаны қазір анықталып жатыр", - деп түсіндірді Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, қазір елімізде қанша итбалық бар екені белгісіз. Бірақ популяция азайып жатыр. Сүлейменова ғылыми қауымдастықпен бірлесіп есептеу әдістемесін жаңарту мәселесін пысықтау қажет деп санайды.