АСТАНА, 16 мамыр – Sputnik. Визалық режимді жеңілдету шараларының қатарында қажетті құжаттар тізімін қысқартуды, визалардың ұзақтығы мен жиілігін арттыру бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Брюссельге жұмыс сапары аясында ішкі істер бойынша еуропалық комиссар Ильва Йоханссонмен кездесу өткізді. Келіссөздер нәтижесі бойынша тараптар ҚР азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету туралы ресми консультацияларды бастау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді.
Нұртілеу шетелдік тарапты Қазақстанның визалық саясаты, ҚР тарапынан ЕО үшін көші-қон тәуекелдерінің болмауы, Қазақстан үкіметі заңсыз көші-қонға қарсы күрес бойынша қабылдап жатқан шаралар және осы бағыттағы жұмыстың басқа да маңызды аспектілері туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
Өз кезегінде Йоханссон Еуроодақ Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін және тараптардың азаматтары арасындағы байланыстарды кеңейтуге ұмтылатынын мәлімдеді. Еурокомиссардың пікірінше, Қазақстан мен ЕО арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңызды көрсеткіштерінің бірі - тұрақты мәдени-гуманитарлық алмасуды қолдау.
Айта кетейік, 2017 жылдан бастап Қазақстан ЕО-ның барлық мемлекетінің азаматтары үшін іскерлік ынтымақтастықты, туризмді және адами байланыстарды дамыту үшін біржақты тәртіппен визасыз режим енгізді.