Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Украина қарулы күштерінің қарсы шабуылы кейінге ысырылды ма

Sputnik
Майдандағы түйісу желілерінде және операциялық тылдағы қарсы тараптың әскери арсеналдарына ресейлік соққылар сериясы Киев режимінің жоспарын күл-талқан етіп, украиналықтардың қарсы шабуылын кейінге ысырып жатыр, деп жазды ресейлік әскери шолушы Александр Хроленко.
Батыстың әскери көмегі арнайы әскери операция аймағындағы ахуалға қандай да бір әсер етіп жатқан жоқ. Киев жарты жылға жуық уақыттан бері Украина Қарулы күштерінің қарсы шабуылын кейінге ысырумен келе жатыр. Оған даярлықтың жетіспеушілігі, НАТО әскери техникасы және оқ-дәрілерінің тапшылығы, ауа райы қолайсыздығы себеп болды.
Украиналық диверсиялық-барлау топтарының немесе роталық тактикалық топтарының күшейтілген танктер жұптарымен түрлі бағыттардағы белсенділігі нақты қарсы шабуылды алмастыра алмайды. Бірақ мамырдың басында Ресей Қарулы күштері украиналық күштердің қарсы шабуылдау қабілетін бейтараптандыру үшін үлкен қашықтыққа ұшатын дәлдігі жоғары әуе және теңіз қаруларымен жаппай соққы жасады. Павлоград, Хмельницкий, Тернополь және Днепропетровск облыстарындағы Украина Қарулы күштерінің резервтерін, әскери техникасы мен арсеналдарын орналастыру пункттеріндегі соққылар мұны растайды.
"Ресей соққысынан жойылған Хмельницкий маңындағы Украина Қарулы күштерінің арсеналына бұған дейін НАТО-ның зениттік оқ-дәрілері, Storm Shadow қанатты зымырандары, сондай-ақ азайтылған уран бар снарядтар жеткізілген. Хмельницкий және Тернополь облыс орталықтарында радиациялық фонның ұлғайғаны байқалады", - деп жазды Хроленко.
Арнайы әскери операция аймағындағы ресейлік әскер кейіннен жылдам қарсы шабуыл жасау және сақталған елді мекендерді толығымен азат ету үшін қарсы тараптың резервтерін қирату тактикасын ұстанып жатыр. АҚШ президенттігіне сайлауға түсуге ниетті кіші Роберт Кеннедидің мәліметі бойынша, украин әскері бір жыл ішінде 300 мыңнан астам сарбазынан айырылды. Бұл ақпарат ресейлік арнайы операцияның қандай қарқында жүріп жатқанын айқындайды.
"Вагнер" жеке меншік әскери компаниясының шабуылдаушы жасақтары Артемовскте қалған украиналық бөлімшелерді біртіндеп шығарып жатыр. Бүгінде Украина Қарулы күштері батыс аймақтағы қаланың екі процентіне бақылауды сақтап қалуға тырысып жатыр. Мұнда олар зәулім отызға жуық үйді бекініс орнына айналдырған.
Ресей Федерациясы қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Артемовсктің солтүстігі мен оңтүстігінде күндіз Украина Қарулы күштері ресейлік әскердің қорғанысын бұзып өтуге жаппай әрекет жасаған. Тараған жалған ақпаратқа қарамастан, Мәскеу украиналық бөлімшелердің барлық шабуылына тойтарыс берілгенін және қорғаныс бұзылмағанын мәлімдеді.
Ұлыбритания қорғаныс министрі Бен Уоллес 11 мамырда Storm Shadow зымырандарын Украинаға жөнелту туралы хабарлады. Бірақ МиГ-29 және Су-27 жойғыш ұшақтарын Storm Shadow зымырандарымен интеграциялау әлдеқайда ерте орындалуы керек еді. Жалпы британиялық қанатты зымырандарды Украина Қарулы күштеріне ауқымды көлемде жеткізу Киев режиміне НАТО-ның F-16, Tornado немесе Eurofighter соққы жасаушы ұшақтарын жөнелту ықтыималдылығын арттырады. Алайда бұл жағдай АҚШ пен Ресей арасынддағы тікелей әскери қақтығысқа әкелетіні белгілі.
"Украина президентінің Берлинге сапары кезінде Германия билігі Украина Қарулы күштеріне әскери көмекті екі есеге арттыруға уәде берді. 2,75 миллиард еуроға жеткізілген қаруды 2,7 миллиард еуроға толықтыру туралы шешім қабылданды. Жаңа пакетке 20 дана Marder жаяу әскерге арналған жауынгерлік машина, 30 дана жаңартылған Leopard 1 A5 танкі, 18 дана дөңгелекті гаубица, 100 дана броньдалған көлік, 200-ден астам барлауға арналған пилотсыз ұшу аппараты, артиллериялық снарядтар, жаппай оқ атуға арналған реактивті жүйенің зымырандары және тағы төрт IRIS-T SLM әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі кіреді", - деп жазды Хроленко.
Сонымен қатар Франция Украина Қарулы күштерінің механикаландырылған бригадаларын бірнеше ондаған AMX-10RC броньдалған барлау машиналарымен жабдықтау және украиналық мамандарды француз әскери техникасын пайдалану бойынша оқытуды жалғастыру туралы шешім қабылдады.
Сәл бұрын АҚШ Украинаға әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне баса назар аудара отырып, тағы 1,2 миллиард доллар көлемінде әскери көмек беруге уәде берді. Бірақ Пентагон басшысының бұрынғы кеңесшісі Дуглас МакГрегордың айтуынша, Украина Қарулы күштерінің броньдалған ауыр техникасының шығынын америкалық әскери-өнеркәсіп кешені толтыра алмайды. Айта кету керек, бүгінге дейін украиналық әскер 9 169 танк пен басқа да броньдалған машинасына айырылды.
The American Conservative былай деп жазды: "2008 жылы альянстың Украинаны НАТО-ға қабылдау туралы уәдесіне қарамастан, америкалықтар да, еуропалық елдер де Киевті қорғау үшін өз азаматтарын құрбан етуге дайын емес еді. Ал қазір арнайы әскери операция барысы толық ауқымды соғыс қимылдарына айналу қаупін тудырады".
19FortyFive басылымы "Жалпы Батыста және әсіресе АҚШ-та қару-жарақ пен оқ-дәрілердің қоры жеткіліксіз" екенін мәлімдеді. БАҚ дерегінше, 2023 жылдың соңына қарай Батыс Украинаны қарулы қақтығыстың алғашқы 14 айындағыдай қамтамасыз ете алмайды.
Америкалық The National Interest басылымы "АҚШ Украинадағы Ресеймен қақтығысқа араласу арқылы қателік жіберді. Украина АҚШ кесірінен жеңілетін болды" деген пікірін ашық жариялады.
Әскери шолушы Александр Хроленконың Telegram арнасы