АЛМАТЫ, 15 мамыр – Sputnik. Маңғыстау облысындағы Торыш шатқалындағы шарлар алқабынан тас әкетіп жатқандар ұсталды, деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тасты әкетіп жатқандардың видеосы әлеуметтік желіде тараған. Бұл оқиға жергілікті экологтардың ашуын тудырды.
"Жер бедері "Торыш" немесе шарлар алқабы таңғалдыратын таңғажайып орын. Мұнда диаметрі 50 см-ден 4 метрге дейінгі шар іспетті тастар бар. Бұл көріністі көзбен көрудің өзі бір бақыт. Бүкіл әлем ғалымдары әлі күнге дейін олардың қалыптасу процесі туралы дауласып келеді. Қарапайым адам мұнда келгенде өзін "Құдайлардың гольф алаңына" кіргендей сезінеді. Бұл, әрине, лирика, бірақ бұл жердің тарихы тереңде жатыр. Өкінішке қарай, шарлар алқабының қандай да бір қауіпсіздік мәртебесі жоқ және заңды түрде қорғалмаған", - дейді "ЭКО-Маңғыстау" басшысы Кирилл Осин.
Оның айтуынша, Орталық Азияда мұндай орын жоқ және әлемде мұндай жер саусақпен санарлық.
"Біз өзіміз үшін және туристерді тарту орталығы ретінде осындай орынды иеленіп отырғанымызға өте қуаныштымыз. Өкінішке қарай, тас шарлар үнемі шығарылады. Олар қалада, бизнес нысандарының жанында декор элементтері ретінде қойылып жатады. Әркім тасты осылай таси берсе, бірегей алқаптан не қалады? Табиғаттың әсем сыйын біз өз қолымызбен өстіп құртып жатырмыз", - дейді эколог.
Полиция тасты тасып жатқандар ұстағалғанын айтады.
"Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Торыш шатқалындағы шарлар алқабынан тас алып кетіп жатқан бейнежазба жарияланды. Полиция қызметкерлері жүргізушінің жеке басын анықтады. Құқық бұзушылармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Тас қайтадан орнына қайтарылады", - дейді ПД баспасөз қызметі.