АЛМАТЫ, 15 мамыр – Sputnik. Ақтөбе прокуратурасы қала аумағында тірі ағаштардың заңсыз кесілгенін анықтады, деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
"Ақтөбе орман шаруашылығы"КММ қызметінде орман заңнамасының сақталуына қатысты тексеріс жүргізілді.
"2022 жылы облыстың табиғи ресурстар басқармасы мен ағаштарды кесумен айналысатын ұйым арасында іріктеп санитарлық кесу бойынша шарт жасалған. Заңнама талаптарына сәйкес ұйым алдын-ала бөлу және арнайы орман-патологиясына тексеру жүргізуге міндетті болған. Алайда ұйым бұл талаптарды орындамай, барлығы 236 тірі ағаш заңсыз кескен", - дейді Ақтөбе облысы прокурорының көмекшісі Өркен Ещанов.
Салдарынан 15 млн теңгеден астам залал келтірілді.
Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы прокуратурасында Қылмыстық кодекстің 362-бабының 1-бөлігі "Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.