АСТАНА, 15 мамыр – Sputnik. Алматыдағы ҰҚК академиясында 3-курс курсантының өліміне құмар ойындар себеп болған. ҰҚК төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев бұл ақпаратты растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Магеррам Магеррамов құмар ойындар погоны бар адамдарға да жеткенін айтты. Осы орайда ол Алматыда өзіне қол жұмсаған ҰҚК академиясы курсантының өлімін еске алды.
Қалқабаев курсанттың өліміне қатысты қылмыстық істен бөлек, ҰҚК өзінің қызметтік тексерісін жүргізгенін айтты.
"Барлығына лудомания себеп. Ол бізге де жетті. Бұл комитет, академия тарихындағы жалғыз жағдай. Лудомания бірден пайда бола салмайды, оған басқа дүниелер итермелейді. Ең бастысы – адамның құмар ойындарға әуес бола бастағанын дер кезінде анықтау. Міне біздің басты проблема дәл осы жерде. Біз қажетті шараларды қабылдадық", -деп жауап берді Қалқабаев.
30 сәуірде Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының жатақханасында курсанттың мәйіті табылған болатын. Марқұм үшінші курста оқыған.
Алматы қаласы Бостандық ауданының полициясы "Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу" бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.