Петропавлда ересек адамдар 3 жасөспірімді соққыға жықты

Sputnik
ПЕТРОПАВЛ, 12 мамыр – Sputnik. Петропавлда бірнеше ер адам 16 жастағы үш жасөспірімді ұрып-соққан, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқиға 6 мамырда болған. Интернациональная көшесіндегі "Чикен" кафесінің жанында кәмелетке толмаған жасөспірімдерді алты мас адам соққыға жыққан. Бейнежазба әлеуметтік желіде тараған.
"Олардың бірі облыстық балалар ауруханасында жатыр, екінші жасөспірім ауруына байланысты мүгедек. Бұл жауыздар оларды кезекпен басынан ұрған", - деп жазған жасөспірімдердің туыстары оқиғаның куәгерлерін іздейді.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға түсініктеме берді.
"7 мамыр күні сағат 00:58 шамасында Петропавл полиция басқармасының 102 жедел арнасына Интернациональная көшесінде төбелес болып жатқаны туралы телефон арқылы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына автопатрульдер мен қалалық полицияның жедел-тергеу тобының қызметкерлері шықты, полиция жанжал кезінде белгісіз адамдардың 16 жастағы үш жасөспірімге дене жарақатын салғанын анықтады", - деп хабарлады полиция.
Бұл факт Қазақстан Қылмыстық кодексінің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген.
Полиция қызметкерлері бұзақылық жасады деген күдікпен 2003 жылы туған ер адамды ұстады. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын жан-жақты және объективті зерттеу үшін тергеу жүргізіліп жатыр, деп түйіндеді ведомство.
Өңірлер
Қараөткел ауылында мектептегі жиналыс кезінде төбелес болды – видео