АСТАНА, 12 мамыр – Sputnik. Павлодарда терроризм актісі туралы жалған хабарлама берді деген күдікпен 14 жастағы оқушы ұсталды.
Polisia.kz мәліметінше, күдікті Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде оқиды.
"Оқушы 2023 жылдың ақпан-сәуір айлары аралығында жаңа телефон нөмірлері арқылы аккаунттар құрғаны анықталды, ол арқылы терроризм актісі туралы жалған хабарламаларды білім беру объектілерінің электронды поштасына жолдаған, содан кейін аккаунттарды жойып отырған", – деп хабарлады Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Полицейлер терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін Қазақстан Республикасы ҚК-нің 273-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық көзделгенін және 5000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын еске салды.