Арзандатылған отынды бөлу функционалы пилоттық режимде іске қосылды

Sputnik
АСТАНА, 12 мамыр – Sputnik. Қазақстанда арзандатылған отынды бөлу функционалы пилоттық режимде іске қосылды. Жаңашылдық Gosagro.kz жүйесінде пайда болды, деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрлігі.
"Бүгінгі күні пилоттық режимде Қостанай және Жамбыл облыстарының фермерлері жанар-жағармайға өтінімдер беріп жатыр. Қызметті одан әрі пайдалану кезінде қателіктерді болдырмау үшін режим әзірше сынақтан өткізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Жоба Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі (СБМАЖ) басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларымен интеграциялануының арқасында жүзеге асырылды.
СБМАЖ-дағы автоматтандырылған процесс "Қазақстан Ғарыш Сапары" ҰК" АҚ деректері негізінде алқаптар картасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Өңделетін жерлердің ауданы ғарыштық суреттер арқылы автоматты түрде белгіленеді және фермер үшін аgrospace.gharysh.kz порталында көрсетіледі. Мемлекеттік субсидиялау жүйесімен интеграция, сондай-ақ қарсы міндеттемелерді енгізу үшін де жұмыс істейді.
Сондай-ақ Gosagro.kz жүйесінде субсидияларға берілген электрондық шот-фактураларды "бұғаттау" функционалы іске қосылды. Бұрын жеке жүйеде мұндай механизм болмаған.
"Бұл ЭШФ-ны қайтарып алуға және әртүрлі манипуляцияларға мүмкіндік туғызды. Бір субъект ЭШФ-ны кері қайтарып алу арқылы жеке жүйеде бірнеше рет субсидияланған фактілер бар. СБМАЖ-да мұндай мүмкіндік толығымен алынып тасталады, яғни фермерлерді мемлекеттік қолдауға бағытталған бюджет қаражаты тиімді және мақсатына сай пайдаланылады", - деп атап өтті ведомство.
Өтінімдерді қабылдау ашылған сәттен бастап жүйеде субсидиялау қағидаларына сәйкес бүкіл ел бойынша фермерлер 28 447 өтінім берді, 20 767 пайдаланушы тіркелді.
"Күту парағына"сәйкес, 57,7 млрд теңгеге өтінімдер мақұлданды (төленді).
Пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша жүйеде 355 қаржы институты (АКК, КАФ, ЕДБ, кредиттік серіктестіктер) тіркелді. Олар Ауыл шаруашылығы басқармаларына 2 891 өтінім беріп, 16,3 млрд теңге субсидия төленді, тағы 22,4 млрд теңгеге өтінім мақұлданып, төлемді күтіп отыр.
Осылайша, gosagro.kz жаңа жүйесі арқылы 96,5 млрд теңге сомасына өтінімдер өңделіп, мақұлданды және ішінара төленді.