АЛМАТЫ, 11 мамыр – Sputnik. Жаңаөзенде "ҚазМұнайГаздың" жұмыс тобы "Өзенмұнайгаз" АҚ-дағы бірқатар заңбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды ҚМГ көшпелі жұмыс тобының телеграм каналы.
"Көлік құрылымдық бөлімшелердегі жол парақтарында кемшіліктер анықталды. Бұл мәселелерді шешу үшін жеке көлік пен арнайы техниканың тиімді пайдаланылуын бақылайтын жүйелі шараларды іске асыру жоспарланып жатыр. Сондай-ақ жер астындағы ұңғымаларды жөндеу жұмыстары жақсартылады. Бұл орайда әрбір жұмыс бойынша тиянақты сараптамалар жасалады", - дейді ведомство.
"Өзенмұнайгаз" штатына жұмысқа орналасу кезінде де заң бұзылған.
"Атап айтқанда, жалған сертификаттар мен жергілікті оқу орындарында оқығаны туралы куәліктер қолданылған болуы мүмкін. Бұл мәселе бойынша материалдар Жаңаөзен қаласының прокуратурасына жолданды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар салалық мамандықтар бойынша персоналды жұмысқа алу процесін тексеру кезінде қабылданған 238 адамның 50-ге жуығы мамандық бойынша жұмысқа орналаспағаны немесе кейіннен басқа лауазымдарға ауыстырылғаны анықталды.
Мемлекеттік еңбек инспекторлары ӨМГ мен мердігер ұйымдарда еңбек заңнамасы бұзылған 130 фактіні анықтады.
Бұған дейін "Өзенмұнайгаз" АҚ қызметкерлері арасында сауалнама жүргізілген болатын. ҚМГ жұмыс тобы сол сауалнама негізінде 2150 өтінішті талдаған.
Өтініштер 5 негізгі санатқа бөлінді:
өндіріс/ сатып алу/ жабдықтау,
адами ресурстар,
әлеуметтік мәселелер
еңбекті қорғау,
басқалары.
Айта кетері, басынан бұлт арылмаған мұнай компаниясын тексеріп жатқан жұмыс тобының құрамында төтенше жағдайлар министрлігінің өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, экология және табиғи ресурстар министрлігінің экологиялық реттеу және бақылау комитеті, сондай-ақ денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қызметкерлері бар.