АСТАНА, 11 мамыр – Sputnik. Осы айдан бастап полицейлер қысқаша хаттама жасап, тергеу шараларын жүргізе алады. Соның есебінен тергеу уақыты бес есеге қысқарады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына жасап.
Бұл бастама полиция қызметін цифрландыру және қағазбастылықтан арылту жұмысы аясында іске асырылады.
Тергеудің жаңа стандарты ұсақ және ауырлығы орташа теріс қылықтар бойынша қолданылады. Бірыңғай есеп үшін барлық тергеу әрекеті бейнетіркеуге алынады.
Жоба іске асырылғаннан кейін тергеу жылдам жүргізіледі, азаматтардың құқықтарын теріс пайдалану мен бұзу тәуекелдері төмендейді, дәлелдемелерді бұрмалаудан қорғайды. Тергеудің ашықтығы мен сапасы да артады. Ал полицейлердің өздері хаттама толтырмайды, уақыт үнемдейді.
Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, тергеушінің қалауы бойынша қысқаша хаттама жасауға болады. Онда техникалық құралдарды қолдану, уақытын, сондай-ақ деректердің қысқаша мазмұны туралы ақпаратты көрсету жеткілікті. Бейнежазба қылмыстық іске қоса тіркеледі және техникалық мүмкіндік болған жағдайда цифрлық тасымалдағышта сақталады немесе сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне жүктеледі.
Қысқаша хаттаманы енгізудің арқасында тергеудің уақыты 5 есеге қысқарады деген жоспар бар. Өзгерістер 20 мамырдан бастап күшіне енеді.