Машина жасау саласындағы өндіріс көлемі төрт айда 36%-ға өсті – Смайылов

Sputnik
АСТАНА, 11 мамыр – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстан машина жасаушыларының XI форумында елді индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру және импортқа тәуелділікті төмендету саясаты жалғасатынын атап өтті.
"Өңдеу өнеркәсібінің локомотиві болып саналатын отандық машина жасау саласының дамуы үкіметтің ұдайы назарында. Өткен жылы машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 9,4%-ға артса, осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша 36%-ға өсіп отыр", — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар машина жасау өнімдерінің Қазақстандағы ішкі сұранысы $23 млрд-ты құрайтынын, бүгінде оның $3,1 млрд-ы ғана отандық өндіріспен қамтылып отырғанын айтты. Сондықтан импортты алмастырудың есебінен машина жасау өндірісін ары қарай дамытуға күш салу қажеттігін атап көрсетті.
"Біздің алдымызда қолжетімді қаржы құралдарын ұсыну, жаңа технологияларды енгізу, жергілікті қамтуды ұлғайту және экспортты дамыту арқылы машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұр", — деп атап өтті үкімет басшысы.
Форум барысында отандық өндірісті технологиялық қайта жарақтандыру, кооперация байланыстарын нығайту, инновациялық шешімдерді енгізу, қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті қолдау, жоғары білікті мамандарды даярлау сияқты саланы дамытудың басқа да кең ауқымды мәселелері талқыланды.
Тоқаев: мұнай-газ саласы үшін отандық машина жасау өнімдерінің үлесін арттыру қажет