АЛМАТЫ, 11 мамыр – Sputnik. Көкшетау полициясы 12-қабаттан секірмек болған жасөспірім қыздың не үшін суицид жасамақ болғанын анықтады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан.
Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 жастағы қыз бұл қадамға өзін-өзі қабылдай алмағандықтан барғанын айтқан.
"Қыз өзін-өзі қабылдай алмағандықтан суицид жасамақ болған. Материалдық жағдайы жақсы отбасының қызы, толыққанды отбасынан шыққан. Жасөспірімнің ата-анасымен кәсіби мамандар әңгімелесіп, ақыл-кеңесін бөлісті", - дейді полицейлер.
Еске сала кетейік, оқиға 9 мамырда болды. Полиция бөліміне суицид жасамақ болған қыздың танысы хабарласқан. Ол танысы биіктіктен секіремін деп Абай көшесі, 135 мекенжайындағы көпқабатты үйдің төбесіне көтерілгенін жеткізген.
Оқиға орнына аға лейтенанттар Бейбіт Садықов пен Әділхан Қойбағар дереу келді. Үй шатырының шетінде отырған қызды көріп, полицейлер ойланбастан 12-ші қабатқа жүгіріп, қызды құтқарып қалған.