Өңірлер

172 миллион теңге: Петропавлда заңсыз берілген жер телімі мемлекетке қайтарылды

Sputnik
ПЕТРОПАВЛ, 11 мамыр - Sputnik. Петропавлда жергілікті атқарушы органдардың қызметіне жер заңнамасының сақталуына қатысты тексеру жүргізілді, деп хабарлайды облыстық прокуратура.
Тексеру кезінде Петропавл қаласының прокуратурасы өрескел заңбұзушылықтарды анықтаған.
"Коммерциялық мақсаттар үшін жер учаскесін беру кезінде уәкілетті органдар қолданыстағы ережелерді елемей, пайдалануға келмейтін ауданы 0,0150 га жер учаскесінің бір бөлігін заңсыз берген. Мәселен, аукционнан тыс берілген жалпы құны 172 миллион теңге болатын 6,8 га жер учаскесі мемлекетке қайтарылды", - делінген облыстық прокуратура мәлімдемесінде.
Бұл жер учаскесі құрылыс салушылардың біріне әкімдіктің 2021 жылғы маусымдағы қаулысымен көп қабатты тұрғын үйлер салуға конкурстан тыс инвестициялық және инновациялық жобаларды іске асыру үшін уақытша берілген.
Мемлекеттік меншіктен жер учаскелерін беруге инвестициялық жобаны айқындау ережелері тек 2022 жылдың қаңтарынан бастап (яғни, жер учаскесі берілгеннен кейін 6 айдан кейін) қолданысқа енгізілді. Осылайша инвестициялық жоба мүлдем болмаған.
Сондай-ақ шарттық және салық міндеттемелерін орындамаған қаланың 69 жер пайдаланушысынан мемлекет бюджетіне 119 млн. теңге өндірілді.
Ал заңсыздыққа жол берген жауапты лауазымды тұлғаны облыстың әдеп жөніндегі кеңесі тәртіптік жауапқа тартқан.