АЛМАТЫ, 10 мамыр - Sputnik. Степногорскте зергерлік дүкеннен 180 млн теңгеден астам соманың зергерлік бұйымын тонаған ұры ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полициядан бірнеше жедел топ құрылып, Ақмола және көрші өңірлердің аумағында бірқатар жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Нәтижесінде зергерлік дүкенді тонаған ұрылар бір айға жетпей қолға түсті.
"Елордада екі күдікті ұсталды. Олар 1977 және 1988 жылы туған Астана қаласының тұрғындары. Заттай дәлелдемелер, ұялы телефондар, байланыс құралдары және ұсталғандар мініп жүрген көлік тәркіленді. Қазір қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр. Күдіктілер қамауға алынды", - деп мәлімдеді ведомство.
Осы дерекке қатысты ҚР ҚК 188-бабы 4-бөлігі "Ұрлық" бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.
Еске сала кетейік, 1 мамыр күні белгісіз біреулер жертөле арқылы дүкенге кіріп, 180 млн теңгеден астам сомаға зергерлік бұйымдарды ұрлап кеткен.