Қошанов Тоқаевтың Ресейге сапары жайлы: саясиландырудың қажеті жоқ

Мәжіліс спикері президент көрші елге сапары кезінде азаматтық, перзенттік және президенттік борышын орындады деп санайды
Sputnik
АСТАНА, 10 мамыр – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жеңіс күндері Ресейге жасаған жұмыс сапарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Мен бұл сапарды өте дұрыс деп есептеймін. Себебі Ұлы Отан соғысы – біздің ортақ тарихымыз. Ұлы Жеңіс те – біздің ортақ тарихымыз. Сондықтан бауырлас мемлекеттер басшыларының барлығы парадта болды. Бұл біздің соғыста шейіт болған ата-бабаларымыз, әке-аталарымыз арналған құрмет деп ойлаймын. Бұл жерде бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ деп есептеймін", - деді Қошанов мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.

Ол Қазақстаннан соғысқа 1,2 миллионға жуық адам аттанғанын, майданда қаза тапқан жауынгерлеріміздің көбі Ресей жерінде жатқанын атап өтті.
"Олардың іздеушісі, жоқтаушысы кім болуы керек? Ол біздің қазақ халқы, президентіміз болуы керек деп ойлаймын. Егер президенттің сапарын зерделеп қарасаңыз, бірінші кезекте мемлекет басшысы Астанадағы Отан қорғаушылар мемориалына барып, гүл шоғын қойып, қайтыс болғандарға тағзым етті. Біздің ардагерлерімізге Халық қаһарманы атағын берді. Содан кейін ғана Ржев қаласына барды", - деді мәжіліс төрағасы.
Қошанов Ржевте 22 мың қазақстандық, соның ішінде көбі қазақ жауынгерлері, сол шайқаста қаза болғанын, барлығының аты-жөні тасқа қашалып жазылғанын айтты.
"Екіншіден, ол жерде президеттің әкесінің туған ағасы Қасым Болтаев деген қазақ жауынгері де жатыр. Сондықтан мен Ресейге сапарында президент өзінің азаматтық борышын, перзенттік борышын және президенттік борышын атқарып келді деп есептеймін", - деп түйіндеді сөзін спикер.
Еске салсақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8-9 мамыр күндері Ресейде жұмыс сапарымен болды.
Мемлекет басшысы Тверь облысындағы Ржев мемориалына барып, 100-ші және 101-ші атқыштар дивизияларының құрамында шайқасып, қаза тапқан қазақ жауынгерлерінің рухына тағзым етті. Сондай-ақ Трубино деревнясындағы бауырластар зиратына барды. Онда президенттің әкесінің ағасы Қасым Болтаев жерленген.
Ал 9 мамыр күні Тоқаев Мәскеуде Жеңістің 78 жылдығына арналған парадқа қатысты. Бұл шараға Ресей президенті Владимир Путин ТМД-ға мүше елдердің басшыларын шақырған.