Өңірлер

Алматыда өрт сөндіруші үстіне ағаш құлап, қаза болды

Sputnik
АЛМАТЫ, 8 мамыр – Sputnik. Алматы қаласындағы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында өрт сөндіруші қаза тапты, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігі.
Қайғылы оқиға 8 мамырда болды. Тау баурайындағы өртті сөндіру кезінде ТЖД қызметкерінің үстіне ағаш құлап кеткен.
"Алматы қаласындағы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында тау баурайында болған өртті сөндіру кезінде Арслан Құрманбеков қаза болды. Оның үстіне жанып жатқан ағаш құлап кеткен. Арслан Жолдасбекұлы Құрманбеков Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қызметкері, 7-ӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушысы азаматтық қорғау сержанты", - деп мәлімдеді ТЖМ.
Арслан Құрманбеков 1994 жылы 23 тамызда Алматы облысында дүниеге келген. Азаматтық қорғау органдарында 2015 жылдың соңынан бері жұмыс істеп келді.
ТЖ министрлігі марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
"Өз ісінің маманы ретінде ол туралы жақсы естеліктер біздің жүрегімізде мәңгі қалады. Арслан жауапты қызметкер, кәсіби күрескер және білікті маман болды. Ол жұмыста еңбекқорлығы, әділдігі және мамандыққа деген сүйіспеншілігі үшін бағаланды", - деп атап өтті ведомство.
ТЖМ қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетеді.