АЛМАТЫ, 8 мамыр – Sputnik. Алматыда Іле Алатауындағы өрттен тағы бір өрт сөндіруші жарақат алды, деп хабарлайды Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға орнында өртті сөндіру үшін "Іле Алатау" МҰТП қызметкерлері – 42 адам және ТЖД – 32 адам, 5 техника жұмыс істеп жатыр.
"Өртке қарсы қызметтің тағы бір қызметкері Алматы қаласы ТЖД "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі" ММ Мамандандырылған жасақ бөлімшесінің командирі азаматтық қорғау аға сержанты Ерік Оқасов қолынан жарақат алды" - деп мәлімдеді ведомство.
Бұған дейін Медеудегі өртті сөндіру кезінде Алматы қаласы ТЖД қызметкері көз жұмғаны хабарланған болатын.
7 мамыр сағат 23:52 шамасында Алматы қаласы, Медеу ауданы, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің филиалы, Кіші Алматы орманшылығының тау баурайында құрғақ шөптер мен құлаған ағаштар жана бастады.
Өрт сөндіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
"Өртті сөндіру жұмысы күрделеніп тұр. Өйткені жердің күрделі рельефі, биік құрғақ шөп пен қураған құлаған ағаштар көп. Жел де қатты соғып тұр. Өртті сөндіруге су төгетін құрылғысы бар ТЖМ Қазәуеқұтқарудың Ми-8 және Ми-171 екі тікұшағы жұмылдырылды", - дейді ТЖ департаменті.
Өрт шамамен 3 гектарға жайылған.