АСТАНА, 6 мамыр – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі бірлескен шараның нәтижесін жариялады.
Ресми мәліметке сәйкес, 30 сәуірде Қазақстан мен Ресей елдерінің шекара қызметтері браконьерге қарсы жедел профилактикалық іс-шаралардың кезекті кезеңін өткізді.
"Рейдтік іс-шаралар барысында Каспийдің Қазақстанмен шекаралас суларында 58 құқықбұзушы және 23 жүзу құралы ұсталды. Ұзындығы 100 шақырымнан асатын браконьерлік тор және өзге аулау құралдары тәркіленді", - делінген ресми хабарламада.
Каспий теңізіне 288 бекіре тұқымдас балық, 13 мың ұсақ тұқымды балық және 7 итбалық жіберілді.
Ал ұсталған адамдарға 1 647 375 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Шекарашылар мемлекетке 588 миллион теңгеден асатын залал келтіруге жол бермеді.