АСТАНА, 6 мамыр – Sputnik. Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы орташа жалақының көлемін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, биыл алғашқы үш айдың ішінде орташа жалақының көлемі 340 636 теңгені құрады. Бұл 2022 жылдың дәл сол кезеңімен салыстырғанда 19,3 процентке артық. Дегенмен, орташа жалақы нақты мәнде 0,6%-ға төмендеп отыр.
"2023 жылдың І тоқсанында бағалау бойынша медиана жалақысы 225 736 теңгені құрады", - делінген ресми хабарламада.
Өткен жылдың бірініш тоқсанымен салыстырғанда орташа жалақының ең жоғары өсімі құрылыста (34,5%), ақпарат және байланыста (30,3%), тұру және тамақтану бойынша қызмет көрсету (29,2%) салаларында тіркелді. Ал қызметтердің өзге де түрлерін ұсыну саласында орташа жалақының көлемі 8,6 процентке төмендеді.
Ең жоғары жалықылар: тау-кен өндіру саласы – 766 555 теңге; қаржы және сақтандыру – 602 114 теңге; ақпарат және байланыс– 541 218 теңге; Ең төмен жалақылар: сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау және өңдеу – 201 884 теңге; ауыл, орман және балық шаруашылығы – 179 388 теңге;
Ал өңірлер ішінде орташа жалақының ең жоғарғы өсімі Атырау облысында (29,4%) тіркелді. Ол жақта ең үлкен жалақының мөлшері – 618 420 теңге; Ең төменгі өсім Батыс-Қазақстан облысында (11,9%), ал Солтүстік Қазақстанда ең төмен орташа айлық - 241 102 теңге төленеді.
"Өңірлер арасындағы орташа айлық номиналды жалақының ең жоғарғы және ең төменгі мәндері арасындағы арақатынас 2023 жылғы I тоқсанда 3,6 есені құрды", - дейді мамандар.