Жерсіз қалған ауыл тұрғындары: Халықтың қамын ойлайтын біреу бар ма?

Sputnik
АСТАНА, 5 мамыр – Sputnik. Павлодар облысында 3 ауыл мал жаятын жер таппай отыр. Айтуларынша, шенді-шекпенділер елді мекендердің жайылым жерін жекеге сатып жіберген. Салдарынан бұқара төрт түлігін қайда апарып бағарын білмей отыр. Ал тұрғындар жерді сатқан жауапты тұлғалар жауапқа тартылсын деп талап қойды, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.
Ақсу қаласына қарасты Жолқұдық, Қаракөл және Ребровка ауылының тұрғындары жайылым жерді қайтаруды талап етуде. Айуларынша, жергілікті шенділер ауылдың жайылымдық жерін жекеге сатып жіберген.
"Мал бағатын жеріміз қалмады. Бірен- саран жеріміз бар еді. Оның өзін тартып алып жатыр. Халықтың қамын ойлайтын біреу бар ма? Жоқ па? Біздің мал бағатын жерімізді қайтарып берсін!", - дейді Ребровка ауылының тұрғыны Ерсін Ахметов.
Бұдан бөлек тұрғындар осы іске жауапты лауазымды шенеуніктердің де жауапқа тартылуын сұрауда. Өйткені атқамінерлер халықтан рұқсат алмастан, ауыл іргесіндегі жерді сүт фермасын салатын кәсіпкерге бере салған. Тексеру жүргізген құзырлы органдар 3 бірдей жер телімі заңсыз берілгенін анықтады. Алайда Ақсу қаласының әкімдігі жерді қайтарудан бас тартқан.
"Біз бүкіл жер теліміне түгендеу жасаймыз. Жер бөлімінің басшылары жарты жыл, бір жыл сайын ауысқан. Кемшілік көп", - дейді Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов.
Шенділердің бұл әрекетіне қатысты прокуратура тексеру бастады.
"Тексеру жүргізу керек деп есептеймін. Ақсудың жер қатынастары бөліміне қатысты шағым көп. Бірнеше факті бар. Өздері жеңіліп қалатындарын біле тұрып соттасады. Сондықтан кешенді тексеру қажет", - дейді облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басшысы Ержан Қарымсақов.
Сүт фермасы салынып жер теліміне қатысты дауға соңғы нүктені сот қояды. Қазір бұл іс Жоғары сотта қаралып жатыр.