ШЫҰ сыртқы істер министрлері Үндістанда не талқылады

Sputnik
АСТАНА, 5 мамыр – Sputnik. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында спикерлер аймақтағы қауіпсіздік және көпжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Қазақстан делегациясының басшысы, премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу өз сөзінде ШЫҰ-ның алдында серпінді өзгеріп жатқан әлемдік жағдайға ден қоюдың тиімді жолдарын іздеу бойынша маңызды стратегиялық міндет тұрғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл міндеттерге жақсы үйлестірілген аймақтық ынтымақтастық пен келісілген тәсілдер арқылы жетуге болады.
Кездесуде 2023 жылдың шілдесінде Нью-Делиде өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мемлекет басшылары кеңесінің отырысына ұсынылған құжаттарға басты назар аударылды.
ШЫҰ-ның бас хатшысы Чжан Мин Үндістанның Панаджи қаласында өткен сыртқы істер министрлері кеңесінде ұйымның миссиясы аймақтық қауіпсіздікті сақтау екенін айтты.
Оның пікірінше, ұйым елдерінің қол жеткізген табыстарына қарамастан, ШЫҰ әлі де қауіпсіздік мәселелерімен бетпе-бет келіп отыр.
"Біз "зұлымдықтың үш күші" деп атала есірткінің заңсыз айналымы, трансшекаралық ұйымдасқан қылсыс және киберқылмыс сияқты қауіпсіздіктің әртүрлі сын-қатеріне тап болып отырмыз. Бұл одан да тығыз өзара іс-қимылды, ынтымақтастық тетіктерін нығайтуды қажет етеді", - деді ШЫҰ Бас хатшысы.
Сонымен бірге Чжан Мин атап ШЫҰ аясындағы экономикалық өзара іс-қимыл ұйымға мүше мемлекеттердің назарын көбірек аударып, ынтымақтастық аясы үнемі кеңейіп жатқанын айтты.
Ал Қытай сыртқы істер министрі Цин Ган ШЫҰ елдері егемендікті қорғауда бір-біріне қолдау көрсетіп, сыртқы күштердің түрлі-түсті революциялар ұйымдастыруына қарсы тұруы керек екенін айтты.
"Стратегиялық автономияны ұстанып, бірлік пен өзара сенімді нығайту керек. Егемендікті, қауіпсіздікті, даму мүдделерін қорғауда бір-бірімізді табанды түрде қолдауымыз керек. Түрлі-түсті революция тудыратын сыртқы күштердің аймақтың ісіне араласуына қарсы тұру керек", - деді Цинь Ган.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің басшысы сонымен қатар аймақтағы қауіпсіздік пен бейбітшілік саласындағы ынтымақтастықты тереңдету қажеттігін атап өтті. Ол террористік топтарға, атап айтқанда, "Шығыс Түркістан ислам қозғалысына"*, есірткі тасымалына және трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті жалғастыруға шақырды.
"Ауғанстанға кең және инклюзивті саяси құрылым құруда қолдау көрсетіп, терроризмнің кез келген түріне қарсы табанды күресу қажет", - деді Қытай сыртқы істер министрі.
Қырғызстанның сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мемлекет басшылары кеңесінің "Қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлерге қарсы тұру тетіктерін жетілдіру туралы" шешімін іске асыру шеңберіндегі жұмысты жалғастырудың, оның ішінде Қырғызстанның бастамасы бойынша Бішкектегі халықаралық ұйымдасқан қылмыспен күрес орталығын құрудың маңыздылығын атап өтті.
Қырғыз министрі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды дамытуға қатысты мәселелерді шешуге үлкен көңіл бөлу қажеттігін айтты. Кулубаев Қырғызстанның энергетика, жасыл экономика, ақпараттық технологиялар, цифрландыру, электронды коммерция және креативті экономика салаларын қоса алғанда, жан-жақты инвестициялық ынтымақтастықты белсенді етуді қолдайтынын айтты.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше бірқатар елдер, соның ішінде Пәкістан сыртқы істер министрі Билавал Бхутто Зардари Кремльге пилотсыз ұшу аппараттарымен жасалған шабуылды сынға алғанын айтты.
"Кремль мен Ресей президентінің резиденциясына жасалған лаңкестік әрекетке біз өз бағамызды бердік. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлері кездесуінде әріптестерімнің барлығы бұл әрекетті өткір сынға алды. Атап айтқанда, Пәкістан сыртқы істер министрі бұл террористік әрекетті тікелей айыптады және шындықтың тезірек анықталып, кінәлілердің белгілі болатынына үміт білдірді", - деді Сергей Лавров.
Еске салсақ, бейсенбі күні Үндістанның Гоа штатында ШЫҰ Сыртқы істер министрлерінің екі күндік саммиті өтті. Кездесу барысында дипломаттар ұйымның кеңеюіне маңызды назар аударды. Атап айтқанда, Иранға ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін беру жобасын мақұлдады және Беларусьтің ұйымға қабылдау рәсімін ықтимал жеделдету туралы үндеуін талқылады.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрліктерінің басшылары Дели декларациясының негізгі қорытынды құжатының жобасын қарады.
Сондай-ақ отырыс аясында Бахрейн, Кувейт, Мьянма, Мальдив аралдары және Біріккен Араб Әмірліктеріне ШЫҰ-ның диалогтық серіктесі мәртебесін беру туралы меморандумдарға қол қойылуы тиіс болатын.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына Ресей, Үндістан, Қытай, Пәкістан және Орталық Азияның төрт елі: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді. Үндістан өткен жылдың қыркүйегінде ШЫҰ тобына төрағалық етті және биылғы жылы қабылдаушы мемлекет болып отыр.
* Қазақстанда және басқа елдерде тыйым салынған террористік топ.