АСТАНА, 5 мамыр - Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әскерге барған жастарға берілетін жеңілдіктерді тәптіштеп шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүкілармиялық кеңеске қатысқан мемлекет басшысы әскери қызметте “әлеуметтік лифттің” болуы маңызды екенін ерекше атап өтті. Сол арқылы жастардың қоғамнан өз орнын табуға мүмкіндік берілуі керек.
“Қазір осы бағытта нақты жұмыс жасалып жатыр. Әскери борышын өтеп келген азаматтар енді жоғары оқу орнына жеңілдікпен түседі. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар несиесін төлеу міндетінен уақытша босатылады. Сондай-ақ олар өздері қаласа, армия қатарынан нақты мамандық алып шығады. Жалпы, сарбаздарды әлеуметтік қолдау шараларын мейілінше көбейту қажет”, - деді Тоқаев.
Жоғары Бас қолбасшының айтуынша, әскерде жүрген жастар нағыз сарбаз, нағыз маман болып шығуға міндетті.
“Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскери қызметшілерге жақсы жалақы төленуі керек. Үкімет Күштік құрылымдарға еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне көшкен кезде осыны ескеруге тиіс”, - деп атап көрсетті президент.
Айта кетері, бүгінгі жиында Тоқаев әскери атақ үшін ай сайынғы ақыны 30 процентке көтеруді тапсырды. Бұдан бөлек, осы салада бірқатар мамандардың жалақысы көтеріледі.