Көлік қағып кеткен оқушы қыздың анасы оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Sputnik
АЛМАТЫ, 4 мамыр – Sputnik. Алматы облысының Талғар ауданында көлік қағып кеткен оқушының анасы Sputnik Қазақстан тілшісіне оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Кеңдала ауылында тұратын 6-сынып оқушысы Кәусар Шайх дүкеннен шығып, жаяу жүргіншілер жолынан өтіп бара жатқанда көлік қатты жылдамдықпен келіп соққан.
"Көліктің рөлінде 18 жастағы жігіт болған. Жігіттің анасы күнара келіп кешірім сұрап жүр. Анасының айтуынша, жүргізушінің жасы небәрі 18-де. Оқиға болардан үш күн бұрын көлікті атына жаздырып алған. Атасынан мұра болып қалыпты", - дейді зардап шеккен оқушының анасы Жазира Орманова.
Қазір Кәусар ауруханада жатыр. Оның аяғы тізеден төмен екі жерден сынған.
"Тізеден төмен, тобықтан жоғары екі жерден сүйегі ашық сынған. Баланың бет-аузының бәрі сырылған. Миы шайқалған деп жатыр. Полиция қызымнан түсінік алған. Бірақ полиция бізге бір де бір рет келмеді. Өзіміз қайта-қайта хабарласып жатырмыз. Бірақ "қолымыз тимей жатыр, заңбұзушылық көп болып жатыр" дейді ылғи. Ал қызымды қаққан жүргізуші бостандықта жүр екен. Полиция бізге тергеу жүріп жатыр деп немқұрайды жауап береді", - дейді Жазира Орманова.
Еске сала кетейік, оқиға 1 мамыр сағат 15:30 шамасында Кеңдала ауылында болған. Тойота Карина жаяу жүргіншіге жол беріп тұрған көлікті басып озып, тар жолда қарсы бағытқа шықпақ болады. Салдарынан қатты жылдамдықпен оқушыны қағып кеткен.
Алматыда адамды қағып кеткен автобус жүргізушісі куәлікті қолдан жасаған