АСТАНА, 4 мамыр – Sputnik. Қызылорда облысы Арал қаласы №262 мектеп-гимназиясының жас мұғалімі Мұқан Төлебаев нақты ғылымды оқытудың ерекше тәсілін ойлап тапты, деп хабарлады оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
"Бұл әдістің ерекшелігі – оқушылар доп қумайды. Бірақ тапсырмаларды орындап, қорғану арқылы ойша шабуыл жасайды. Шағын футбол ережелері бойынша өтетін сабақта алты оқушы екі топқа бөлініп, жарысқа түседі. Командалар алдын-ала жоспар құрып, оны ойын барысында өзгерте алады", – дейді мұғалім.
Педагогтің айтуынша, бір-біріне ұқсайтын сабақтар оқушыларды тез жалықтырады. Өз уақытын виртуалды әлемде өткізетін балалар аз емес, оны пайдалы іске жұмсай білу керек.
"Негізгі мақсатым оқушыларды қызықтыру болды. Бұл ойын әдісі тиімді, өйткені бәсекеге түсе отырып, балалар өздерінің білім деңгейлерінің қаншалықты жоғары екенін байқайды. Сонымен қатар конкурс-сабақтың арқасында оқушылар математикалық атмосфера мен бәсекелестікті сезінеді. Жалпы, бұл оқушылардың алға жылжуына оң ықпал етеді. Демек қарсылас командалар қажетті нәтижеге жету үшін "білек күшін" емес, "білім күшін" пайдалану қажеттігін түсінеді", – деп Мұқан Төлебаев өз ойын бөлісті.
Ол 2 жыл бұрын оқушыларды ҰБТ-ға осындай ерекше тәсілмен дайындай бастаған, нәтиже жаман емес.
Аралдық педагог алдағы уақытта сабақ өту әдістеріне жастар арасында танымал өзге де ойын ережелерін енгізуді жоспарлап отыр.