АСТАНА, 3 мамыр – Spuntik. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек екінші деңгейлі банктерде кепілге қойылған 2 млн га жерді мәжбүрлі түрде мемлекеттік меншікке қайтаруды талап етті, деп хабарлайды Spuntik Қазақстан тілшісі.
Базарбек бірінші вице-премьер Роман Скляр және бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында банктерде кепілге қойылған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтару мәселесін көтерді.
"Халыққа жайылымды жерлерді қайтарсақ, банктерді ауыздықтаудан бастау керек. 30 жылда неше рет банктерді кұтқардық, ағайын! Банктерді емес, халықты аштық пен жұмыссыздықтан қорғау керек. Соның бірден бір жолы – банктерге кепілге қойылған ауыл шаруашылығы жерлерін қайтаруымыз керек. Ол банктердің артында кім тұрғанын, кімнің иелігінде отырғанын және қандай жолмен ауыл шаруашылық жерлерді кепілге қойып жібергенін қоғам, халық білу қажет", - деп мәлімдеді депутат.
Бас прокуратураның ақпаратынша, екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттарының иелігінде кепілдік ретінде 2 миллион гектар 3,9 мың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер жатыр. Банктер және қаржы ұйымдары бұл жерлерді пайдаланбайды және мемлекеттік меншікке қайтаруға да асықпайды. Осы банктерде кепілге қойылған, қамауда жатқан 2 миллион гектар жердің ішінде үлестік ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер де бар.
"Заңсыз, жемқор әкімдердің кесірінен пайлары, яғни, шартты жер үлестерінен айырылған ауыл халқы табанын тоздырып, ақиқат іздеу жолында пайларын қайтару үшін соттасып әлек болып жүр. Соттар талап-арыздың көпшілігін қараусыз қалдырады не болмаса талаптың ескіру мерзімін қолданып, үлескерлердің жерлерін банкке кепілге қою туралы келісімшарттарын бұзу туралы талап-арыздарын қанағаттандырусыз қалдырады", - дейді Бақытжан Базарбек.
Мәжілісмен нақты қадам жасаудың уақыты келді деп санайды.
"Нақты жер реформасын бастап, екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттарының иелігіндегі жерлерге қамқор болуымыз қажет. Бұл да халықтың жері екенін ұмытпауымыз қажет", - деді депутат.
Осыған байланысты ол үкімет пен бас прокуратураға мынадай ұсыныстар жолдады:
1.
2025 жылға дейін бүкіл елде жер амнистиясын жариялап, шартты жер үлесінен тұратын және банктерде кепілге қойылған жерлерді үлескерлерге қайтадан қайтаруды көздейтін мемлекеттік жобаны қабылдау керек. Үлескерлерге еркін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен өзге шаруашылық ұйымдардан шығудың заңды мүмкіндігін қарастыру керек.2.
Коммерциялық банктердің иелігіндегі 2 млн гектар жерлерді мәжбүрлі түрде Жер кодексінің 92-94 бабына сәйкес мемлекеттік меншікке қайтаруды дереу қамтамасыз ету қажет.3.
Азаматтардың шартты жер үлесінен тұратын жер пайдалану құқығын екінші денгейлі банктерде және қаржы ұйымдарында кепілге қоюға екі жылға мораторий енгізу қажет.4.
Банктер мен қаржы ұйымдарына заңсыз кепілге қойылған ауыл шаруашылығы жерлерінің тағдыры бойынша құқық қорғау органдарының ведомствоаралық комиссиясын құрып, комиссия қорытындысы бойынша кінәлі тұлғаларды қылмыстық қудалау науқанын бастау қажет.