Сот орындаушылар енді көлік жүргізушілерін онлайн жазалай алады

Sputnik
АСТАНА, 2 мамыр – Sputnik. Сот орындаушылар автокөлік құралдарына онлайн форматта тыйым сала алады. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
2023 жылдың 2 мамырынан бастап сот орындаушылар автокөлік құралдарына бірнеше минут ішінде электронды тәсілмен тыйым салып немесе оны алып тастай алады. Бұл Әділет министрлігінің Digital Justice жобалар портфелі шеңберінде іске асады.
"Осы жобаны енгізудің арқасында сот орындаушылар мен ішкі істер органдары арасындағы қағаз құжат айналымы қысқартылды. Автокөлік құралдарынан тыйым салуды алу онлайн төлемнен кейін автоматты түрде жүргізіледі. Сондай-ақ сот орындаушылардың қаулысын өңдеуде адам факторы жойылды", - дейді Талғат Уәли.
Онлайн төлем жасағаннан кейін ішкі істер органдарына автокөлік құралдарынан шектеуді алып тастау туралы қаулыны жіберу үшін сот орындаушыларға жүгінудің қажеті жоқ. Өйткені барлық қажетті іс-әрекет автоматты түрде электронды форматта жүргізіледі, деп түсіндірді ресми өкіл.
Жобаны әділет министрлігі, республикалық жеке сот орындаушылар палатасы, ішкі істер министрлігі, Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті бірлесіп әзірледі.