АСТАНА, 1 мамыр – Sputnik. Еуразиялық экономикалық одақта наурыз айында өткен жылдың желтоқсанымен салыстырғанда бензиннің бағасы 0,7 процентке төмендеді. Ал дизель отыны 0,6 процентке арзандап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Еуразиялық экономикалық комиссияның статистика департаментіне сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, Арменияда бензиннің бағасы 14,4 процентке арзандаса, Қырғызстанда 10,9 процентке, ал Беларусьте 1,7 процентке төмендеді. Арменияда дизельді отын да айтарлықтай арзандады. Оның бағасы өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 6,1 процентке түсті.
"Ал ЕАЭО-дағы бензин өндірушілерінің бағасы өсті. 2023 жылы наурыз айында 2022 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда бензиннің бағасы 24,8 процентке көтерілді, дизельді отынның құны 13,9 процентке төмендеді. Өнім өндірушілері тарапынан бензин бағасын көтерудің ең жоғары көрсеткіші (29,8%) Ресейде тіркелді", - делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия наурыз айында жанар-жағармайдың тұтынушылық бағасы өндірушілердің құнынан қаншаға көп болғанын да жариялады. Мәселен, Ресейде бензиннің бағасы өнім өндірушілердің орташа бағасынан 3,2 есеге қымбат болды. Қазақстанда 1,6 есеге, Беларусьте 43,9 процентке, ал Қырғызстанда 35,8 процентке көп болды. Сол сияқты дизель отыны Ресейде 1,9 есе, Қазақстанда 1,6 есе, Беларусьте 31 процентке, Қырғызстанда 12,5 процентке қымбат сатылды.