АСТАНА, 30 сәуір – Sputnik. Еліміздің мектептерінде Ата-аналар академиясы жұмыс істей бастайды. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қызылорда облысы Қазалы ауданының ата-аналары және жұртшылықпен кездесуінде мәлімдеді.
"Министрлік балаларды оқыту, тәрбиелеу және дамытуда отбасы мен мектеп арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған "Ата-аналар академиясы" жалпыұлттық мәдени-білім беру жобасын әзірлеуде", - деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың айтуынша, президенттің тапсырмасымен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар әзірленген.
Министрлік заңнамалық базаны жетілдіруде, оның ішінде баланың жәбірленуден қорғану құқығы бекітілді. Балалар арасындағы жәбірлеудің алдын алу ережесі, мектептердегі психология қызметінің жұмыс ережесі, балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен қатыгездік фактілерін анықтау және олармен жұмыс істеу алгоритмі қабылданды.
Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбеттің айтуынша, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша бірқатар шаралар қабылданған. Барлық білім беру ұйымында мектеп пен ата-аналардың өзара іс-қимылы қолға алынған. Ата-аналар мен аға ұрпақты тарта отырып адами құндылықтарды рухани-адамгершілік тәрбиелеу және дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Айта кетері, ата-аналар және жұртшылықпен осындай кездесулер еліміздің барлық өңірінде жалғасады.