АСТАНА, 30 сәуір – Sputnik. Алматы облысында құтқарушылар бетон араластырғышқа аяғы қысылып қалған құрылысшыны құтқарды, деп хабарлайды ТЖМ РЖҚЖ баспасөз қызметі.
Оқиға 29 сәуір күндізгі бестер шамасында Іле ауданындағы Гейт Сити ықшам ауданында болған.
35 жастағы жұмысшы құм тиеп жатқанда сүрініп кетіп, оң аяғы бетон араластырғышқа қысылып қалған.
Оқиға орнына Республикалық жедел-құтқару жасағының 5 құтқарушысы мен Қонаев қаласы жедел-құтқару жасағының 4 құтқарушысы аттанды.
"ТЖМ құтқарушылары болгарканың көмегімен зардап шеккен ер адамның қысылған аяғын босатты, аяғы сынып кеткен екен. Құтқарушылар шок алған ер адамды жедел жәрдем бригадасына тапсырды. Жедел жәрдем бригадасы оны бірден ауруханаға алып кетті", - делінген хабарламада.
Құтқарушылар қауіптілігі жоғары объектілерде мұқият болуға кеңес береді.