АСТАНА, 29 сәуір – Sputnik. Түркістан облысының Кентау қаласында полицейлер жасөспірім қызды ұрып-соғып, зорламақ болған ер адам ұсталды.
Polisia.kz порталының мәліметінше, 26 сәуірде сағат 23:15 шамасында жасөспірім қыздың дене жарақатымен ауруханаға түскені туралы Кентау қалалық полиция бөліміне хабарлама келген.
Тексеру барысында сағат 20:30 шамасында аулада ойнап жүрген қызды белгісіз біреу себепсіз ұрғаны анықталды.
Оқиға болған сәтте түсірілген бейнежазба анықталды. Оның негізінде күдіктінің жеке басы белгілі болды. Ер адам полиция бөліміне жеткізілді. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.
Аталған жайт алдымен Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігі "бұзақылық" бойынша тіркелді.
Қазіргі уақытта қылмыстық құқық бұзушылық Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 120-бабының 4-бөлігі (кәмелетке толмаған баланы зорлауға оқталу) бойынша қайта сараланды.
Күдікті қамауға алынды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.
Бірқатар сараптама тағайындалды. Жәбірленушінің жағдайы бірқалыпты.
Қылмыстық іс Түркістан облысы ПД басшылығының бақылауында.