Солтүстік Қазақстандағы республикалық маңызы бар жолдар облыс әкімінің үрейін ұшырды

Sputnik
ПЕТРОПАВЛ, 29 сәуір – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров Шал ақын ауданына іс-сапары кезінде республикалық маңызы бар жолдардың жай-күйін көріп, жағасын ұстады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әсіресе Петропавл – Жезқазған жолының сапасы сын көтермейді. Әкімнің баспасөз қызметі өткен жылдан бастап жол жөндеу бойынша барлық қаражат толық игерілмегенін, ал биыл жұмыстар әлі басталмағанын айтты.
"Республикалық маңызы бар жолдар бойынша сұрақ көп. Тіпті 2016 жылы пацдалануға берілген Көкшетауға апаратын жаңа жолдың сапасы сын көтермейді. Басқа жолдар туралы айтудың өзі артық. Ешқандай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Бұл мәселеге жауап беретін адам жоқ", - деді Айдарбек Сапаров.
Айта кетері, Петропавл – Жезқазған республикалық маңызы бар жолы қирап біткен. Көлік жүргізушілер кейбір учаскелерде жүрудің өзі аса қауіпті екенін айтумен келеді. Бұл жол облыс орталығы мен облыстың бес ауданын байланыстырады және тәулігіне 3,5 мыңға дейін автокөлік өтеді.
Өткен жылдың мамыр айында Солтүстік Қазақстан облысының экс-әкімі Құмар Ақсақалов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары аясында 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі өңірде 98%-ға дейін жетеді, бұған қаражат бөлінеді деп уәде берген болатын.
Солтүстік Қазақстан облысының автомобиль жолдарының желісі 8 996 км құрайды, оның ішінде 1 970 км – республикалық, 1 983 км – облыстық, 5 043 км – аудандық маңызы бар жолдар.
Ресми деректерге сүйенсек, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 2021 жылдың қорытындысы бойынша – 74%, 2022 жылы 81% - ға жетіпті. Алайда аймақ тұрғындары бұл сандардың қайдан шыққанына таңданумен келеді. Тұрғындар облыстағы жақсы жолдардың қай жерлерде салынғанын әлі күнге білмейді.