"Сол түні жұмыста едім": 7 баланы жолда босандырған фельдшер көптің көмегіне зәру

Sputnik
АЛМАТЫ, 29 сәуір – Sputnik. Алматы облысының Талғар ауданындағы Еңбекші ауылында тұратынфельдшер Дархан Бақыткелдінің баспанасытүгі қалмай өртеніп кетті. 7 баланы жолда аман-есен босандырып алған 25 жастағы фельдшер бүгінде көмекке зәру, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Дархан Бақыткелді 7 баланы жолда аман-есен босандырып алған
Дархан Бақыткелдінің дәрігер болуына анасы себеп болған. 8 жыл қатерлі ісік ауруынан зардап шеккен анасын Дархан өзі емдеген. Дәрісін егіп, ем-домын жасап, қасынан бір елі аттап шықпапты.
"Анамды емдеп жүріп, дәрігер боламын деп армандадым. Алматыдағы медицина колледжін бітіріп, фельдшер мамандығымен жұмыс істеп келемін. Алғашқы босандырған кісінің ұлты орыс болды. Баланың кіндігі мойнына оралып қалған. Дер кезінде босандырып, баланы аман-есен алып қалдым. Анасы ұлының атын Дархан деп қоямын деді. Бірақ "Дархан" деген сөздің мағынасын білмегендіктен Александр деп атапты", - дейді фельдшер Дархан Бақыткелді.
Дархан Бақыткелді 7 баланы жолда босандырған. Барлығы да дін аман. Ең алғаш босандырған сәби қазір 4 жасқа келді. Сонымен қатар жол апатынан зардап шеккен, хәл үстінде жатқан талай жанды ажалдың тырнағынан алып қалған.
Дархан Бақыткелдіұлы – жас отбасы, құшағында 2 жасар баласы бар. Өкінішке қарай адам өмірін арашалаған жас фельдшердің өзінің басына іс түсіпті.
"Жұмыста аусымда болдым, келіншегім сол түні туыстардың үйіне кеткен болатын. Сол түні үй жанып кеткен. Электр тогының салдарынан болған шығар. Өзім осы үйді былтыр қазан айында салған едім. Банктен кредит, басқа кісілерден қарыз алып салып едім, өкінішке қарай өртеніп кетті. Көршілер хабарласып, үйіңіз жанып жатыр деді. Барлық құжат, зат, киім-кешектен түк қалмады", - дейді жас фельдшер.
Дархан Бақыткелді көпшіліктің көмегіне зәру. Мейірімдер жандар 8 707 419 90 10 нөміріне хабарласып, көмек қолын соза алады.