Өңірлер

Қараөткел ауылында мектептегі жиналыс кезінде төбелес болды – видео

Sputnik
АЛМАТЫ, 29 сәуір – Sputnik. Ақмола облысы Қараөткел ауылында жергілікті тұрғындардың кездесуі төбелеске ұласты. Полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Полицейлердің айтуынша, залда жиын өтіп жатқанда басқа ауыл тұрғындары кіріп келіп, арты төбелеске айналған.
"28 сәуірде сағат 18.30-да Целиноград ауданы Қараөткел ауылының орта мектебінде жергілікті тұрғындар мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен жоспарланған жиналыс өтті. Жергілікті тұрғындар мен қатысуы жоспарланбаған Целиноград ауданының белсенді азаматтары арасында жанжал шықты", - деп нақтылады Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ғимаратта кезекшілік атқарған тәртіп сақшылары төбелеске араласып, жиналыс бейбіт түрде жалғасын тапқан.
"Қазіргі уақытта өңірдегі қоғамдық-саяси жағдай тұрақты", - дейді полициядағылар.
Осы оқиғадан кейін Целиноград ауданының полиция бөліміне үш арыз түскен.
"Арыз-шағымның барлығы тіркелді, қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Нәтижелері бойынша тиісті процестік шешімдер қабылданады", - деді баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Sputnik ақпараты бойынша, жиналыста ауылдың өзекті әлеуметтік проблемалары, соның ішінде жер учаскелерін бөлу, мұғалімдерге шағым, аудандық мәслихат депутаттарының мандатын кері қайтарып алу мәселелері көтерілді.
Айта кетері, кездесуге Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов те қатысты.