ПЕТРОПАВЛ, 29 сәуір – Sputnik. Петропавл қаласының маңында жұма күні екі ірі өрт сөндірілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Өрт саяжай тұрғындарына қауіп төндірді.
"Сағат 18.42-де "Вишенка", "Гудок", "Эврика" саяжай қоғамдары маңында қураған шөптің өртеніп жатқаны туралы ақпарат келіп түсті. Оған Петропавл қаласының № 2, 4, 5 және Бескөл ауылының № 13 өрт сөндіру бөлімдерінің күштері мен құралдары, сондай-ақ орманшылар жіберілді. Өрт 21 сағат 28 минутта жойылды", - деп хабарлады облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметі.
Петропавлдың іргесіндегі елді мекендерде екі ірі өрт сөндірілді
© Photo : Пресс-служба ДЧС СКО
Ведомство саяжай үйлерінің зардап шекпегенін айтты. Өрт 4,5 га жерге жайылған.
"Біраз уақыттан кейін әуежайға баратын жолдың сол жағындағы 18 гектар аумақта қамыс өртенгені туралы ақпарат түсті. Ол жерге өрт бөлімдері мен орман шаруашылығы қызметкерлері барды. Осы екі өртті сөндіруге орманшыларды есептемегенде барлығы тоғыз техника мен жеке құрамның 39 адамы жұмылдырылды", - деп хабарлады ТЖД.
Айта кетері, Солтүстік Қазақстан облысында ауа температурасының жоғарылауына байланысты өрт қаупі артты.
Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сәуір айында шөп пен қамыс өрттерінің саны күрт өсті. Петропавл қаласы, Тайынша, Қызылжар, Шал ақын, Есіл және Мамлют аудандарының аумағында осындай 130-дан астам жағдай тіркелді. Өрттің жалпы ауданы 55 гектардан асты.
"Өрттің себебі – өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін бұзу. Сіздерден өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауды және ормандарда, саяжай құрылыстарының жанында, құрғақ жерлерде от жақпауды сұраймыз. Өрт болған жағдайда ол туралы 101 немесе 112 телефондары арқылы дереу хабарлаңыз, өртті сөндіру шараларын қабылдаңыз", - деп атап өтті ТЖД.