АСТАНА, 29 сәуір – Sputnik. Жаһандану заманында түрлі анимациялық мультфильмдер баланың жүйке жүйесін тоздырып, ақыл-ойының дамуына кері әсер етуі мүмкін. Психологтар біраздан бері осылай деп дабыл қағып жүр, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.
Қазіргі таңда орысша, ағылшынша мультфильмдер ютубты жаулап алған. Оны көрген балалар бір-бірімен ағылшынша сөйлесуге тырысады. Орысша сөйлеседі көбіне. Психологтар осыдан қорқып отыр. Балалар дүбара болып қала ма дейді. Әр тілді шұбарлап шүлдірлеп жүргендер көп. Мультфильмнен көргенін сәби айнытпай қайталағысы келеді, іс-әрекетті, дыбыстарды, естіген-көргендерінің барлығын да толықтай санасына тез сіңіріп алады.
"Балалар анализ жасай алмайды, негативті қарым-қатынасты бейсаналы түрде бойына сіңіре береді. Ол негативті қарым-қатынас дұрыс сияқты көрінуі мүмкін. Кейіннен қоғамда төбелеске бейім, агрессиясы жоғары, буллинг жасайтын ұрпақ көбеюі мүмкін", - дейді психолог Балабек Сақтағанов.
Анимациялық мультфильмдердің бала психологиясына кері әсер ететінін көп біле бермейді. Білсе де тыйым салмайды.
Балалар неге отандық мультфильмдерді көрмейді? Қазақ мультипликациясы неден мүдірді? Мамандар мұны қаржының аздығымен байланыстырады. АҚШ "Мадагаскар" мультфильміне 75 миллион АҚШ долларын бөлсе, "Рапунцель" анимациялық киносына 260 миллион доллар қарастырылған. Сондай-ақ сценаристерге мән берген жөн.
"Бізге арнайы мемлекеттік бағдарлама керек. Ол мультфильм жасайтын мамандардан ғана құралмау керек. Міндетті түрде психологтарды тарту керек. Социологтар, педагогтар, тарихшылар, фольклоршылар болуға тиіс. Міне, осы саладағы адамдардың барлығын қамти отырып сценарийді талқылау керек", - дейді режиссер, сценарист, мультипликатор, аниматор суретші Әбдіқадыр Сабыр.
Әр ата-ана баласының қандай фильм немесе мультфильм көретінін қадағалап, оның мазмұнына мән беру қажет. Бірге көріп, сол мультфильмге талдау жүргізген абзал дейді мамандар.