АЛМАТЫ, 29 сәуір – Sputnik. Атырауда ойын баласы трактордың багын шұбатқа толтырып тастаған. Сот алдында баланың әкесі жауап берді, деп хабарлады "Мой город" порталы.
Істі Атырау облысының кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Ер адамға ӘҚБтК-нің 435-бабы "Кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық" бабымен айып тағылды.
Сотталушының ұлы түйе сүтін "Спектр" бау-бақша қоғамына тиесілі трактордың май құятын қылтасына құйып тастаған.
Сот отырысында жасөспірімнің әкесі кінәсін толық мойындап, жеңіл жаза тағайындауды өтінді. Сот баланың әкесінің материалдық жағдайын, оның кінәсін толық мойындауын ескере отырып, әкімшілік айыппұл мөлшерін 30%-ға азайта отырып, 16 905 теңге айыппұл салды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.